Ақтөбеде жеңілдікпен үй алып беремін деп туыстарын алдаған күдікті әйелдің соты өтіп жатыр

Автор: Мөлдір Қазыбай

Ол туыстарына өзінің жеңілдікпен бір жылда екі пәтер алғанын айтып, құжаттарын көрсеткен

Фото: istockphoto.com

Ақтөбеде елуден аса тұрғынды мемлекеттік бағдарлама бойынша жеңілдікпен үй алып беремін деген күдікті әйелге қатысты сот басталды. Сан соғып қалғандардың дені – сотталушының туған-туысы. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігі КТК телеканалына сілтеме жасап хабарлайды.

Сотқа арызданғандардың өзі әлі күнге дейін өзге емес, өз жақынының алдап кеткенін айтып отыр. «Үйлі боламын» деп дәметкендердің ең азы 350 мың теңгеден бастап, 5 миллион теңгеге дейін келіншектің қолына ақша ұстатқан. Ақырында оның алаяқ болып шығатынын «білмедік» деп отыр.

Белгілі болғандай, ол туыстарына өзінің жеңілдікпен бір жылда екі пәтер алғанын айтып, құжаттарын көрсеткен. Одан соң, тіпті құрылыс басына апарып, пәтерлерді де аралатқан. Бірақ ешбірі мемлекеттік бағдарлама бойынша жеңілдікпен баспана алмапты.

Алданғандардың сотқа жүгінуден басқа амалы қалмаған. Ал істі болып жатқан келіншек алған ақшаны «бәріне толық қайтардым» деп отыр.

«Бір жылда екі үй алғанда, қалай сенбейсің? Бізді өзі шақырды. «Мынандай рәсімдеу бар, нотариус бар, келіңіздер, бәрі ресми, заңды етіп жасайды» деді. Қалай сенбейсің?! Негізі барлығы ағайын-тума», - дейді Сәкенай Әленова.