Қазақстанда 1600-ден астам ата-ана жауапқа тартылды
10 сәуір мен 6 мамыр аралығында елімізде «Заң және тәртіп» қағидаты аясында «Жасөспірім» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтіп жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, іс-шара басталғалы бері ішкі істер органдарына 13 мыңға жуық жасөспірім жеткізілген.
Олардың 70-тен астамы қылмыс жасағаны үшін, 9 мыңнан астамы әкімшілік құқық бұзушылық үшін, ал 3 мыңға жуығы қараусыз және қаңғыбастық үшін ұсталған.
Министрлік өкілдері көңіл көтеру орындарында және түнгі уақытта көшеде жүрген 11 мыңнан астам жасөспірімді анықтап, ата-аналарына қайтарды. Сонымен қатар балаларға алкоголь өнімдерін сату бойынша 148 фактінің жолы кесілді, мас күйде жүрген 229 жасөспірім оқшауланды.
«Бұл оқиғалардың барлығы балаларға қатысты қылмыстардың орын алуына әкелуі мүмкін еді. Полиция органдары дер кезінде алдын алу шараларын қабылдады. Ата-аналарға ескерте отырып, айтамыз: баланың өмірі мен қауіпсіздігі үшін ең алдымен ата-ана жауапты», — деді ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің басқарма бастығы Әсет Оспанов.
Оның айтуынша, балаларын дұрыс тәрбиелемегені үшін 1600-ден астам ата-ана әкімшілік жауапкершілікке тартылған. 12 жағдай бойынша балаға қатігездік көрсету фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
«Құрметті азаматтар! Балаларыңыздың қайда және кіммен жүргеніне ерекше көңіл бөліңіздер. Қауіп төнген жағдайда дереу 102 нөміріне хабарласуды сұраймыз. Ішкі істер министрлігі балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша жұмыстарды жалғастырады», — деп түйіндеді Әсет Оспанов.