Қазақстандық бітімгерлер елге оралды: Голан жоталарындағы миссия сәтті аяқталды

Автор: Дәулет Ботагөз

Астанада 38 әскери қызметшіні салтанатты түрде қарсы алды

Фото: Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі

Қазақстанның Біріккен Ұлттар Ұйымының (БҰҰ) Голан жоталарындағы бітімгершілік миссиясына қатысқан алғашқы ұлттық контингентінің қалған бөлігі елге оралды. Бұл туралы Қорғаныс министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy. 

Астанадағы әскери авиациялық базада 38 әскери қызметшіні салтанатты түрде қарсы алды. Салтанатты шара барысында Қорғаныс министрінің орынбасары, генерал-майор Шайх-Хасан Жазықбаев әскери қызметкерлерге халықаралық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін алғыс білдірді.

«Бұл рейспен Фауар бітімгерлік базасында екінші ұлттық контингентке қызмет пен міндеттерді тапсыру үшін қалған 38 әскери қызметші елге жеткізілді», – делінген ведомство таратқан мәліметте.

Қазақстандық бітімгерлер бір жылдық миссия барысында БҰҰ мандаты аясында атысты тоқтату режимін қамтамасыз етіп, 600-ден астам тапсырманы сәтті орындаған. Олардың кәсіби жұмысы миссия басшылығы мен БҰҰ Хатшылығы тарапынан жоғары бағаланған.