Павлодарда ер адам әйелі мен қызын ұрып, полицейді пышақтаған

Автор: Дәулет Ботагөз

«102» нөміріне 15 жастағы қыз қоңырау шалған

Фото: © freepik.com

Павлодар қаласында отбасылық жанжал кезінде полиция қызметкері пышақ жарақатын алды. Бұзақы әйелін ұрып, келген тәртіп сақшысына қарсылық көрсетті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Павлодар облысы ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Оқиға 19 сәуір күні таңғы сағат 6:30-да болды. «102» нөміріне 15 жастағы қыз қоңырау шалып, әкесінің анасын ұрып жатқанын жылап хабарлаған. Шақырту орнына бірден полиция наряды – капитан Алмаз Жәкіпов пен лейтенант Төлеген аттанды», — делінген хабарламада.

Көпқабатты үйдің подъезінде оларды көз жасына ерік берген мектеп оқушысы қарсы алды. Ол әкесінің өзін де ұрып, кейін анасына қол көтергенін айтты.

«Полиция қызметкерлері пәтерге көтеріліп, 40 жастағы мас ер адамды ұстауға тырысқан. Алайда ол тәртіпке көнбей, қарсылық көрсетіп, капитан Жәкіповті білегінен пышақпен жаралаған. Соған қарамастан, тәртіп сақшылары күдіктіні залалсыздандырып, ұстауға қол жеткізді. Жарақат алған полиция қызметкеріне дереу медициналық көмек көрсетілді. Қазір оның өміріне қауіп жоқ», — деді полиция өкілдері.

Құқық қорғау органдары аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғап, отбасылық зорлық-зомбылық пен қызметтік тұлғаға шабуыл жасау баптары бойынша тергеу жүргізіп жатыр.