Көкшетауда жүрек елжіретер оқиға болды (ВИДЕО)

Автор: Алмас Ерсін

«Бурабай» сауда үйінде сатушылардың бірі баланы танып, анасына хабар берді

Фото: Azattyq Rýhy

Көкшетауда полицейлер жоғалған баланы анасына аман-есен табыстады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Полиция қызметкерлері Арман Құттыбай мен Жәнібек Шакиров орталық базар маңында бала жоғалғаны туралы хабарлама алған. Көрсетілген мекенжайға жедел жеткен тәртіп сақшылары көше бойында жылап тұрған баланы және оның жалғыз жүргенін айтқан әйелді кездестірді.

Бірден көмекке ұмтылған полицейлер баланы сабырға шақырып, қызметтік көлікке отырғызды. Көңілін аулап, сенімін арттыру мақсатында оған патрульдік көліктің ішкі құрылысын көрсетіп, жабдықтармен таныстырды. Кейін олар базар аумағын бірге аралап шыққан.

Біраз уақыттан соң сабасына түскен бала анасымен жиі баратын дүкендерді еске түсіріп, полицейлерге айтып берді. Осы ақпаратқа сүйене отырып, тәртіп сақшылары сауда үйлерін аралап, анасын табуға шешім қабылдаған. «Бурабай» сауда үйінде баланы сатушылардың бірі танып, анасы оның тұрақты сатып алушысы екенін айтып, дереу байланысқа шықты.

Полицейлер анасының келуін күтіп, баланы өз қолына табыстады. Ал бұл уақытта анасы да баласын шыр-пыр болып іздеп жүр екен. Әйел сақшыларға бейжай қарамай, қолдау көрсеткені үшін алғыс айтты.