Жаңаөзенде шетелдік ЖОО-ға грантқа түскен оқушыны қатарластары қызғаныштан аяусыз соққыға жықты

Автор: Мөлдір Қазыбай

Көмекке жеткен әкесін де оңдырмады, қазір тергеу жүріп жатыр

Фото: istockphoto.com

Жаңаөзенде жасөспірімдер «Білім-инновация» лицейінің 11-сынып оқушысын көмекке жеткен әкесімен бірге соққыға жықты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Белгілі болғандай, мектеп оқушысы шетелдік университетте оқуға грантқа түскендіктен, қатарластары қызғаныштан осындай қадамға барған.

«Жанжалға қатысушылардың барлығы анықталды. Кәмелетке толмағандар ата-аналарымен бірге полицияға жеткізілді. Бұл факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Барлық қажетті тергеу амалдары жүргізіліп жатыр», - деді полициядағылар.

Сондай-ақ, қатысы бар құқық бұзушылардың ата-анасының немесе заңды өкілдерінің жауапкершілігі туралы мәселе қаралатыны хабарланды.

Полицейлердің айтуынша, іс материалдары әкімдік жанындағы кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау комиссиясына жіберіледі. Кінәлі деп танылғандардың барлығы профилактикалық есепке алынады.

Lada.kz басылымының мәліметінше, Жаңаөзен қалалық көпсалалы ауруханасында 11-сынып оқушысына бассүйек миының жабық жарақаты, бас миының шайқалуы және бас терісінің маңдай аймағының тері астындағы гематомасы, бетінің көгеруі, сондай-ақ сол жақ қабырға асты аймағының және екі тізесінің сырылуы диагнозы қойылған.

Әкесінде сол аяқтың жілік сүйегінің жабық ұсақталған сынығы бар.