Ол бұл өсімдікті өсіру бойынша мемлекеттік реестр қажет дейді
Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Ерлан Саиров Мәжілістің жалпы отырысында техникалық қарасораны инвестиция тарту үшін өсіру мәселесін көтеріп, дабыл қақты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Техникалық қарасораға байланысты сіздердің оптимизмге шағын пессимизм қосу керек сияқты. Себебі ол техникалық болғанымен, бәрібір қарасора. Оның құрамында есірткі бар. Осыған қатысты бірқатар сұрақ бар. «Біз инвестор тауып, олармен жұмыс істеп жатырмыз» дедіңіздер. Ол инвесторлар қандай талап бойынша қарастырылып жатыр? Екінші сұрақ, бұл қоғамға қауіпті шөп болғандықтан, мемлекеттік реестрі болуы керек. Техникалық қарасораны егуге рұқсат беру кезінде мемлекеттік реестр жасадыңыздар ма? Қай түрі қауіпті, қай түрі жоқ екенін талдадыңыздар ма?», - деді ол.
Саировтың айтуынша, бұл мәселеде өте сақ болған жөн.
«Қазір мемлекетаралық шекараның барлығы ашық. Сондықтан Қаақстан есірткіге байланысты тәуекел кеңістігіндегі азаматтарға тартымды елге айналып кетпей ме деген сұрақ бар. Ертең «я не курью, но я балдею» деп қоғам белгілі бір экстазға кетіп қалмай ма?» - деп сұрақ қойды депутат ІІМ басшысының орынбасары Санжар Әділовке.
Өз кезегінде Әділов инвестиция тарту жөніндегі кеңесте үкімет қарасора өндірісін дамыту жайлы тапсырма жүктегенін айтып, мәселе қалай реттелетінін түсіндіріп берді.
«Өнеркәсіпте пайдаланатын қарасораға келетін болсақ, ТГК құрамында 0,1-01,3-ке дейінгі пайызы ғана сақталған. Ал қылмыстық жауапкершілік тудыратын марихуана, қарасораға келетін болсақ, Шуда өсетін өсімдікте ТГК пайызы 15 пайызды құрайды. Сол себепті техникалық түрінде ешқандай қауіп болмайды. Біз бұл жұмысқа рұқсат беруді қатаң бақылауда ұстаймыз. Тоқсан сайын «Дәрек» жедел профилактикасы өткізіледі. Оның аясында техникалық қарасораның өсірілуі қадағаланады», - деді Санжар Әділов.