«Контент үшін»: Ақтөбеде «ТикТок» желісіне қарумен түскен суреттерін жүктеген жасөспірімдер анықталды

Автор: Асыл Арман

Олардың бесеуі – Ақтөбе қаласындағы жоғары және арнаулы орта оқу орындарының студенттері

Фото: Ақтөбе облысы ПД

Ақтөбе облысында полиция қызметкерлері әлеуметтік желілерді мониторингілеу барысында жасөспірімдердің атыс және суық қару ұстаған жарияланымдарын және олардың кім екендерін анықтады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Атап айтқанда, «TikTok» әлеуметтік желісінде 16-17 жас аралығындағы жасөспірімдер тапанша сияқты заттарды ұстап түскен бірнеше фотосуретін жариялаған. Жедел-іздестіру іс-шаралары нәтижесінде алты жасөспірімнің жеке тұлғасы анықталып, олар полиция бөліміне жеткізілді.

Тексеру барысында анықталғандай, олардың бесеуі – Ақтөбе қаласындағы жоғары және арнаулы орта оқу орындарының студенттері, ал біреуі – аудандық мектептердің бірінің жоғары сынып оқушысы. 

Жасөспірімдердің бірінен газды тапанша тәркіленді. Тәртіп сақшыларына олар бұл әрекеттерге «контент үшін» барғандарын, қорқыту мен зорлық-зомбылықты насихаттау мақсаттары болмағанын түсіндірді.

Аталған факті бойынша кәмелетке толмағандармен және олардың ата-аналарымен профилактикалық әңгімелесу жүргізілді және профилактикалық есепке алынды. Жарияланған посттар жойылып, жасөспірімдер оқитын білім беру ұйымдарында қосымша түсіндіру және алдын алу шаралары ұйымдастырылды.

Естеріңізге сала кетейік, 10 сәуірден бастап республика аумағында «Жасөспірім» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтуде. Шара аясында құқық  қорғау органдары рейдтік және профилактикалық жұмыстарды күшейтіп, әлеуметтік желілерге де жан-жақты мониторинг жасап жатыр.