«Мемгрант алуға көмектесемін»: Алматы облысында ірі алаяқтық әшкереленді

Автор: Мөлдір Қазыбай

Алматы облысында киберполиция ірі көлемдегі алаяқтықты әшкереледі

Фото: Алматы облысы ПД

Алматы облысында киберполицейлер мемлекеттік грант алуға көмек көрсетемін деген сылтаумен азаматтарды «WhatsApp» мессенджері арқылы алдап келген әйелдің заңсыз әрекетін тоқтатты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Жедел-іздестіру шаралары барысында Еңбекшіқазақ ауданында жергілікті тұрғын ұсталды. Тергеу барысында ол азаматтарды алдап, 5 миллион теңгеден астам қаражатты иемденгені анықталды. Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу аясында оның заңсыз әрекеттерінің 10-нан астам эпизоды тіркелді», – деп хабарлады киберполицейлер.

Аталған факті бойынша алаяқтық бабымен қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде. Күдікті барлық қажетті тергеу шараларын жүргізу үшін полиция бөлімшесіне жеткізілді.