Улы жәндіктер әдетте саяжайлар мен таулы жерде шоғырланады
Алматыда наурыз айынан бері 200-ге жуық адамды кене шаққан. Олардың бәрі дәрігерлердің көмегіне жүгініпті. Зардап шеккендердің дені – 14 жасқа дейінгі балалар. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігі КТК телеканалына сілтеме жасап хабарлайды.
Улы жәндіктер әдетте саяжайлар мен таулы жерде шоғырланады. Қазір дәрілеу жұмыстары басталған. Оның аясында 2300 гектардан астам саябақ пен орман алқаптары қамтылды.
Бұл іс-шараларға 144 млн теңге бөлініпті. Мамандардың айтуынша, биыл зинякестер ерте оянған. Сондықтан тұрғындарға денесін бүркеп, бас киім киіп жүру керек екенін ескертті. Ал табиғат аясына шыққанда екі сағат сайын денесін тексеріп, киімін қағып-сілкіп, кене шаққан жағдайда жақын жердегі емханаға барған абзал.
«Ең тиімді тәсіл – кенеге қатысты вакцинация. Оны қыс айларында жүргізген тиімді. Өйткені эпидемияның белсенді уақытына дейін, кем дегенде, екі дозасын алып үлгеру керек», - дейді Алматы СЭБД инфекция және паразит аурулар эпидемиологиясын бақылау бөлімінің басшысы Алмаш Ахметова.