Ол өзі де полицияның оғынан жараланып, Берлин ауруханасында көз жұмды
Сириядан Германияға бассауғалап барған босқын Берлиндегі метролардың бірінде бір адамды пышақтап өлтірді. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігі Bild басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
U-12 желісіндегі метро вагонында сириялық пен жергілікті азамат арасында жанжал туындаған. Кісі өлтірді деген босқын жанжалдасқан адамның соңынан платформаға бірге шығып, пышағын суырып алып, сол жерде пышақтап өлтірген.
Осыдан кейін, метродан қашып шығып, Кнобельсдорфштрассенің бойымен қашқан. Оны полиция қашып бара жатқан жерінен ұстап алған. Ол полиция қызметкерлерін де сол жерде пышақпен қорқыта бастаған. Күдікті Шлоссштрасседе ұсталды. Полицейлер оған оқ атып, денесінің жоғары жағын жаралады.
Сириялық күдікті алған жарақатына байланысты ауруханаға жеткізілді. Дәрігерлер оның өмірі үшін күрескенімен, 13 сәуір күні таңертең ауыр жарақаттан қайтыс болды. Атылған оқтың бірі оның мойнына тиген.
Шабуылдың мән-жайы әзірге белгісіз. Шабуыл жасаушы мен жәбірленушінің бірін-бірі танығаны да белгісіз.
Куәгерлердің бірі шабуылшының пышақпен жүгіріп келе жатқанын көрді:
«Ол қара киінген. Қолына пышақ ұстап, жан-жағына сілтеп бара жатты. Есірткі қолданып алғандай әсер қалдырды», - дейді ол.