Қазақ оқушылары ISF U-15 жазғы Гимназиадасында 11 медаль алды

Автор: Дәулет Ботагөз

Іс-шара Сербияның Златибор қаласында өтті

Фото: Оқу-ағарту министрлігі

Қазақстан құрамасы Сербияның Златибор қаласында 4–14 сәуір аралығында өткен ISF U-15 жазғы гимназиадасында жоғары нәтиже көрсетіп, рекордтық 11 медаль иеленді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Биылғы жарысқа әлемнің 65-тен астам елінен 3000-нан аса мектеп оқушысы қатысты. Қазақстан намысын 23 оқушы қорғады. Олар республикалық іріктеу нәтижесінде іріктеліп, дзюдо, еркін күрес, бокс және шахмат спорт түрлері бойынша жарысқа түсті.

Бокс сайысында алтын медальді Айбек Садық, Шыңғысхан Макаров, Нұртас Алимбай, Сайлауқазы Сымбат пен Нұрболат Әмір жеңіп алды. Ал қола медаль Алихан Смағұлға бұйырды.

Дзюдодан Бақдәулет Серікәли алтын, Ерасыл Қалмаханбет қола медаль жеңіп алды. Еркін күресте Висхан Арашов күміс, ал Мансұр Ақылбай мен Нұрқожа Қалыбек қола медаль иеленді.

Шахмат жарысында Олтинай Алғапарова мен Жанат Нұрым Халықаралық әділ ойын комитетінің арнайы марапатына ие болды. Олар спорттық рух пен этикалық қағидаларды сақтағаны үшін алғыс хатпен марапатталды.

«Қазақстан ISF гимназиадасына 2022 жылдан бері қатысып келеді және халықаралық деңгейде болашағы зор, мықты команда ретінде өзін дәлелдеді», – делінген министрлік хабарламасында.