Қарағанды облысында бір тәулікте 68 адамнан коронавирус анықталды

Автор: Azattyq Rýhy

Облыста коронавирус жұқтырғандар саны 1024 адамға жетті 

Фото: ашық дереккөзден

Қарағанды облысында коронавирус инфекциясын жұқтырған 68 адам тіркелді. Бұл туралы COVID-19 таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссия мәлімдеді.

ПТР диагностикалық зерттеу нәтижелері бойынша 68 адамда COVID-19 вирусы анықталды, тіркелген жағдайлар скрининг барысында және вирусты жұқтырған адамдармен жақын байланыста болғандарды тексеру нәтижесінде анықталды.

«Қарағанды қаласында – 39 адам, Теміртау қаласында – 18, Бұқар жырау ауданында – 6, Абай ауданында – 2, Шет ауданында – 1, Ұлытау ауданында – 1 адам анықталды. Барлығы жұқпалы аурулар стационарына жатқызылды», - делінген хабарламада.

Қазіргі уақытта науқастардың жағдайы қанағаттанарлық, ем алып жатыр. Ауру ошақтарында дезинфекциялық шаралар жүргізілді.

Облыста жалпы 1024 адам коронавирусты жұқтырған, олардың ішінде 4 адам көз жұмған және 314 пациент жазылып шыққан.