Түркістанда анасына ашуланған 11 жасар қыз жоғалып кеткен

Автор: Azattyq Rýhy

Ол жалғыз кетпей, үйіне қонаққа келген 6 жастағы баланы да ертіп кетіпті

Түркістан облысының Сарыағаш ауданында анасы дауыс көтерген соң, үйінен кетіп қалған 11 жастағы қыз аман-есен табылды. Бұл туралы облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлап отыр.

Дереккөзіне сүйенсек, әкесі полицияға қызының жоғалғанын хабарлаған. Әкесінің айтуынша, сағат 17.00 шамасында үйінен шығып кеткен бері, қайтып оралмаған. Оның жанында қонаққа келген 6 жастағы біреудің баласы бар болған. Ата-анасы қыздарды өздері іздегенмен, таба алмай, ақыры полицияның көмегіне жүгінген.

«Оқиға орнын мұқият тексерген полиция куәгерлерден сұрау алып, қыздар бет алған жақты іздеген. Ақыры үш сағаттан кейін қыздар үйінен 10 шақырым алыстан табылған», - деп хабарлайды полиция.

Полиция қызметкерлерінің айтуынша, 11 жасар қыз анасынан ұрыс естіген соң, үйден кетіп қалған екен.