Бас прокуратура түсініктеме берді
Қазақстанда есірткі сақтау және тарату жағдайлары туралы хабар берген азаматтарға сыйақы төленеді. Ал қаржы бюджеттен емес, өздері осы күрестің бір бөлігі болуға бел буған бей-жай қарамайтын кәсіпкерлерден түседі. Бұл туралы Бас прокуратура мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ведомство мәліметінше, биыл қаңтар айында 60 грамм мефедронның алынуына ықпал еткен ақпарат үшін 300 мың теңге төленді.
Наурыз айында 80 грамнан астам синтетикалық заттарды ұстауға көмектескен дерек үшін 400 мыңнан астам теңге берілді.
«Сыйақы мөлшері тәркіленген есірткі көлеміне байланысты болады. Жоба нақты нәтижесін бере бастады. Осылайша мемлекет қылмыспен күрестегі азаматтық батылдық пен ынтымақтастықты қолдап отыр.
Улы заттардың таралуын тоқтатуға атсалысқан әр адам мұны ақша үшін емес – өмір үшін жасайды. Өз балалары үшін. Таза болашақ үшін.
Ересектер жастарды қорғау жолында біріге алғанда қылмысқа еш мүмкіндік қалмайды. Жақсылық жағына шыққан әр азаматқа алғысымыз шексіз. Сіздердің қырағылығыңыз – біздің күшіміз. Барлық өңірді осы бастаманы қолдауға шақырамыз. Мемлекет, кәсіпкерлер және қарапайым халық – бәріміз бірігіп, есірткі бизнесіне қарсы тұра аламыз», - делінген Бас прокуратура хабарламасында.