Шымкентте зейнеткер 46 млн теңгесін алаяқтарға беріп жіберген

Автор: Алмас Ерсін

69 жастағы тұрғыннан үлкен көлемде ақша жымқырған екі ер адам сотталды

Фото: pixabay

Шымкентте полиция зейнеткердің 46 млн теңгесін қайтарып берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Зейнеткерге өзін ұялы байланыс операторымын деп таныстырған белгісіз тұлға қоңырау шалып, сим-картасының мерзімі аяқталғанын айтқан. Нөмірінің қызметін ұзарту үшін азаматша СМС-кодты хабарлаған. Араға аз уақыт салып, "құқық қорғаушылар" хабарласып, әйелдің шотында күмәнді операциялар басталғанын және алдыңғы қоңырау шалған адам алаяқ екенін жеткізген.

Дүрбелеңге түскен зейнеткер жиған-тергенін сақтап қалу үшін күдіктілердің айтқанын бұлжытпай орындайды: есепшотындағы бар ақшаны шешіп алып, оны "сенімді қолға" уақытша сақтауға тапсырған.

Киберпол қызметкерлері күдіктілерді анықтап, жан-жақты және толыққанды тергеу жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде жәбірленушіге келтірілген шығын түгел өтелді.

Сот үкімімен екі күдіктінің әрқайсысына 5 жылға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды.