Ресейлік әйел анасын 59 жылдан кейін Астанадан тапты

Автор: Асыл Арман

Оған полиция қызметкерлері көмектесті

Фото: Polisia.kz

Астанада полицей Ресей азаматына 59 жылдан кейін анасын табуға жәрдемдесті. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігі Polisia.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Екі әйелдің өмірін өзгерткен әсерлі кездесуді учаскелік инспектор Бақытжан Сарманов ұйымдастырды. Осы жылдың наурыз айында полиция пунктінің қызметтік нөміріне 59 жастағы Ресей Федерациясының азаматшасы хабарласып, өз анасын табуға көмек сұраған. Майор Сарманов жан-жақты тексеру жүргізіп, әйелдің туысын анықтай алды.

Уақыт жоғалтпай, әйел әуе билетін сатып алып, жақында Қазақстанға ұшып келді. Полиция қызметкерінің кәсібилігіне тәнті болған ол зор алғысын білдіріп, полицейлердің қызметіне сәттілік тіледі.

Белгілі болғандай, ол анасын жылдар бойы таба алмай жүрген.

«Мен тіпті адамдарды іздеумен айналысатын телебағдарламаға да жүгіндім, бірақ ешқандай нәтиже болмады. Ал Бақытжан Сарманов менің туыстарымды тауып берді. Шетел азаматы ретінде мен Қазақстан полициясының зейінділігі мен ұқыптылығына таңқалдым», — деді ресейлік әйел.

Өмірі жайлы әңгімелеп берген 78 жастағы әйел қуаныштан көз жасын тыя алмады және шексіз алғысын жеткізді.

«Бұл офицер менің жағдайыма түсіністікпен қарап, шынайы жанашырлық танытты. Ол өз қызметтік борышын жедел әрі адал орындады. Осындай қызметкер үшін алғысымды білдіремін және сіздерге осындай үлгілі полицейлер көп болсын деп тілеймін», — деді қария.

Өз кезегінде Бақытжан Сарманов бұл жай ғана күнделікті қызметім мен міндетім деп есептейді. Оның айтуынша, әр жағдайда полиция қызметкерлері адамдарға көмектесу үшін бар күшін салады.