Ақтөбе облысында аса ірі көлемде мефедрон сақтаған екі адам ұсталды

Автор: Асыл Арман

Ақтөбеде полицейлер синтетикалық есірткі жеткізу арнасын жойды

Фото: depositphotos.com

Ақтөбе облысында аса ірі көлемде есірткі партиясын сақтаған 19 және 27 жастағы екі күдікті ұсталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Ақтөбе облысы ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлеріне жалдамалы пәтерлердің бірінде екі ақтөбеліктің синтетикалық есірткінің аса ірі партиясын сақтайтыны туралы жедел ақпарат түсті.

«Жедел ақпаратты тексеру кезінде 19 және 27 жастағы екі күдікті ұсталды. Жалдамалы пәтерде тінту кезінде полицейлер ұнтақ зат салынған 50 орама тәркіледі.

Сараптама көрсеткендей, тәркіленген зат жалпы салмағы 37 грамнан асатын «мефедрон» синтетикалық есірткісі болып саналады. Бұл 7 млн теңгеден астам сомаға 350 бірреттік дозаны құрайды. Есірткі заттарымен заңсыз жұмыс істеу фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде. Осы баптың санкциясы жеті жылға дейін бас бостандығынан айыруды көздейді.

Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды», - делінген облыстық ПД хабарламасында.