ШҚО-да полицей балкон арқылы өрмелеп шығып, жанып жатқан пәтерден бірнеше адамды құтқарды
Өрт көпқабатты үйдің төртінші қабатынан шықты

ШҚО-ның Шемонаиха ауданында полиция қызметкерлері жанып жатқан пәтерден бірнеше адамды құтқарып қалды. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігі Polisia.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Шемонаиха ауданында тәртіп сақшылары Жанболат Қажмұханов пен Қуат Бөкенов өтіп бара жатқан адамдардан көрші үйдің төртінші қабатындағы балкон жанып жатқанын естиді. Олар бірден оқиға орнына жетіп, өртті сөндіруге кірісті. Ол кезде жалын төменгі қабатқа да тарала бастаған еді.
Полицейлер төртінші қабаттағы жалынды сөндіріп үлгерді. Алайда үшінші қабаттағы пәтердің ішіне кіру мүмкін болмады – тұрғындар үйде болмаған, ал есік құлыптаулы еді. Қажмұханов уақыт жоғалтпай, өмірін қатерге тіге отырып, балконнан төмен түсіп, әріптесінен су құйылған бөтелкелерді алып, өртті толықтай сөндірді.
Қызметкерлердің жылдам әрі үйлесімді әрекеттерінің арқасында өрттің әрі қарай таралуына жол берілмеді. Ешкім зардап шеккен жоқ, өрт сөндірушілерді шақыру қажет болмады.
«Біздің полиция қызметкерлерінің арқасында ешкім зардап шеккен жоқ. Олар жылдам әрі батыл әрекет етті. Оларға тек сәттілік пен зор денсаулық тілеймін», – деп жазды тұрғын.