Қазақстанда алаяқтық жасап, 230 млн теңге тапқан күдікті Қырғызстанға қашып кеткен

Автор: Асыл Арман

Ол дропперлер арқылы ақшаны өзіне алып отырған

Фото: Видеодан скрин

Қазақстанда аса ірі көлемде алаяқтық жасаған күдікті Қырғыз Республикасынан экстрадицияланды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Бас прокуратураның мәліметінше, аталған тұлға 2023 жылдың маусымында адамдар тобының алдын ала сөз байласуы бойынша Алматы қаласындағы банктердің біріне клиенттердің атынан олардың банктік шоттарына тіркелген абоненттік нөмірлерін өзгерту туралы хабарламалар жіберіп, осылайша банк шоттарына қол жеткізген.

Осыдан кейін күдікті қашықтан қол жеткізу арқылы 5 жәбірленушінің шотынан «дропперлердің» банктік шоттарына ақша аударып, олардың қаражатын иемденген.

«Оның қылмыстық әрекеттерінің салдарынан жәбірленушілерге 230 миллион теңгеден астам шығын келтірілген.

Осы жылдың қаңтарында ол Бішкек әуежайында ұсталып, Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының сұрауы бойынша Отанына экстрадицияланды. Қазір күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Айыпталған қылмысты жасағаны үшін мүлкі тәркіленіп, бес жылдан он жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған», - делінген Бас прокуратураның хабарламасында.