Оны Ұлттық ұлан сарбаздары байқап қалған
Алматы қаласында пышақ жарақатынан қансырап жатқан ер адамды Ұлттық ұлан сарбаздары дер кезінде байқап, алғашқы медициналық көмек көрсетті. Бұл туралы ҚР Ішкі істер министрлігіне қарасты Ұлттық ұланның баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy. .
Оқиға Медеу ауданында, Пушкин көшесінің бойында болған. Күнделікті патрульдеу кезінде сарбаздар қанға боялған азаматты байқап, дереу көмекке ұмтылған.
«Патруль кезіндегі сарбаздар – Аян Бимұрза, Абзал Омаров және Ескендір Закиров – ер адамның жамбас тұсынан қатты қан кетіп жатқанын көріп, жараны таңып, қан тоқтату әдісін қолданды. Олар дереу жедел жәрдем мен полицияны шақырды», – деді әскери наряд басшысы Аян Бимұрза.
Медициналық қызмет өкілдері жедел жетіп, жараны өңдеп, зардап шегушіні ауруханаға жеткізді. Полицейлер оқиғаның мән-жайын анықтауға кірісті. Алдын ала мәлімет бойынша, ер адамға беймәлім біреу пышақ жарақатын салған.
Сол күні Наурызбай ауданында да патруль кезінде күмән тудырған жастар тобына назар аударылған. Тексеру барысында олардың жанынан жасыл түсті есірткіге ұқсас зат пен оны тұтынуға арналған қолдан жасалған құрылғы табылған. Күдіктілер ұсталып, Наурызбай аудандық полиция басқармасына тапсырылды.