Қазақстандық әжелер ансамблі Әзербайжанда өткен ән байқауында 1-орын алды
Халықаралық байқауға әлем елдерінен 400-ден астам үміткер қатысты
Қазақстандық әжелерден құралған «Сағыныш сазы» ансамблі Баку қаласында өткен «AZERBAIJAN GRAND FESTIVAL» ән байқауында 1-орынға ие болды. Бұл туралы Azattyq Rýhy елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Фестиваль ұлтаралық қарым-қатынас пен музыкалық мәдениетті нығайту мақсатында наурыз айының соңғы күндері «Аstana Stars» халықаралық конкурстар комитетінің ұйымдастыруымен өткен болатын.
Өнер жарысында әнші әжелерімізбен қатар Өзбекстаннан, Әзербайжан т.б. елдерден келген 400-ден астам үміткер әртүрлі жанрларда сайысқа түсті.
Ансамбль өз жұмысын 2019 жылдың желтоқсан айында бастаған. Өнер ұжымының алғаш құрылған кезде халық әндерін орындаудан бастаған еді. Үнемі шығармашылық ізденісте жүрген ансамбльдің репертуары бүгінде әр түрлі, ән қоржынында 80-ге жуық ән бар.
«Біздің орталықтың өнерлі зейнеткерлері халықаралық деңгейдегі ән байқауынан жүлдемен оралуы біз үшін үлкен жетістік. «Сағыныш сазы» ансамблінің құрылғанына 5 жыл толды, жақында өзінің бес жылдық есептік концертін өткізген болатын. Бұл өнер ұжымына 62-72 жас аралығында ән айтумен әуестенетін әжелер жиналған. Ансамбль әрдайым шығармашылық ізденіс үстінде. Олардың репертуары әралуан, терме, халық және эстрадалық әндермен қатар, басқа да жанрдағы әндерді орындайды», - деп сөзін түйіндеді Есіл ауданы бойынша әлеуметтік қызмет көрсету бөлімінің басшысы Жанар Есенаманова.
Осы байқауда бірінші орынды жеңіп алған «Сағыныш сазы» ардагерлер ансамблі Грекияның Салоники қаласында өтетін GREECE GRAND FESTIVAL байқауына жолдама алды.