Құтқарушылар Жамбыл облысындағы зілзаланың салдарын көрсетті (ВИДЕО)

Автор: Дәуренқызы Алма

Жамбыл облысында зілзаладан кейінгі жағдайды зерттеу үшін үкіметтік топ құрылды

Фото: ТЖМ

Қазір Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар вице-министрі Кеген Тұрсынбаев бастаған жұмыс тобы аймақтағы апат салдарын бағалап, қалпына келтіру жұмыстарын ұйымдастырып жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Екінші күні мамандар Меркі және Т. Рысқұлов аудандарын аралап, арнайы комиссиялардың есептерін тыңдады. ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы Бақытжан Жүнісбеков тұрғын үйлер мен нысандардың зақымдану деңгейі туралы баяндама жасады.

Сонымен қатар ҚР ТЖМ Сейсмологиялық бақылау және зерттеу ұлттық ғылыми орталығының директоры Дәулет Сәрсенбаев өңірдегі сейсмологиялық станциялар мен датчиктердің жұмысы жайлы ақпарат берді. Бұл құрылғылар жер асты дүмпулерін тіркеп, сейсмикалық белсенділікті талдауға көмектеседі, осылайша болашақ тәуекелдерді уақтылы бағалауға мүмкіндік береді.

Қазір аймақтағы жағдай тұрақты, тіршілікті қамтамасыз ету жүйелері штаттық режимде жұмыс істеуде. Мамандар залалды бағалау және тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша тиісті шараларды қабылдауды жалғастыруда.