«Аяқтарынан сыз өтіп, ауыратын болды ғой»: әскери шеруге қатысатын сарбаздардың жағдайы елдің наразылығын тудырды (ВИДЕО)

Автор: Дәуренқызы Алма

Астанада әскери шеруге дайындық қызу жүріп жатыр

Фотоколлаж: Azattyq Rýhy

Елордада өтетін салтанатты әскери шеру қарсаңында әскерилер күн сайын қарқынды жаттығу жүргізіп жатыр. Далада шатырлар тігіліп, сарбаздар сонда уақытша орналастырылған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Дайындыққа әскери қадамдарды пысықтау, әскери техниканы көрсету және синхронды қойылымдарды орындау кіреді.

Ресми хабарламада жаттығу барысында әскерилердің тұрмыс жағдайына ерекше көңіл бөлінгені айтылады. Олар тамақпен, демалыс орындарымен және барлық қажетті жағдайлармен қамтамасыз етілген. Сонымен қатар қолбасшылық сарбаздардың моральдық рухын көтеру мақсатында спорттық шаралар мен мәдени бағдарламалар ұйымдастыратын көрінеді.

Алайда олардың жағдайын видеодан көрген адамдар теріс пікір білдіріп жатыр.

«Балшық басқан жерде жатыр. Аяқтарынан сыз өтті ғой. Денсаулықтарынан не қалады?!», «Мұндай парадтың не қажеті бар?!» – дейді желі қолданушылары.