Түркістан облысында үйінде есірткі өсіріп, зертхана ашқан күдікті қолға түсті
Күдіктіден құрамында есірткі бар 4 түп өсімдік пен қарасора тәрізді тұқымдары бар сіріңке қорабы тәркіленді
Түркістан облысында үйінде есірткі заттарын өсіріп, зертхана ашқан күдікті қолға түсті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Түркістан облысы полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері құрамында есірткі заты бар өсімдіктерді өсіру дерегі бойынша фитозертхананы анықтады. Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде полиция құрамында есірткі заттары бар тыйым салынған өсімдіктерді заңсыз өсірумен айналысқан Келес ауданының тұрғынын ұстады.
«Жедел уәкілдер оның тұрғылықты мекенжайын тінту кезінде жатын бөлмесінде фитолампамен және алты гүл құмырасымен жабдықталған фитозертхананы тапты. Күдіктіден 4 түп құрамында есірткі бар өсімдіктер мен қарасора тәрізді тұқымдары бар сіріңке қорабы тәркіленді.
Қазіргі уақытта осы факт бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Полиция барлық мән-жайды анықтауға бағытталған тергеу жұмыстарын жалғастырып жатыр», - делінген облыстық ПД хабарламасында.