$ 503.42  542.08  6
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Психикалық науқасты қоғам қатарына қосуға ынталануымыз керек – психиатр

Науқас 12 айда ремиссияға шықса, тізімнен шығарылады

Психикалық науқасты қоғам қатарына қосуға ынталануымыз керек – психиатр
Фото: Azattyq Ruhy

Астана қалалық психикалық денсаулық орталығы директорының медициналық бөлім жөніндегі орынбасары Алмагүл Айтжанова психикалық науқастарға мүгедектік неге берілетінін және олар тізімнен қалай шығатынын айтып берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy

 «Егер де науқас бір жылдың ішінде өзін-өзі басқарып, жұмыс істеп, дәрілерге жүгінбей, мүгедектік алмаса, 12 ай ішінде қаралып, есептен шығуына болады. Ай сайын дәрігерге келіп көрініп, бақылауда болуы керек. Ал наркология бойынша жақында өзгерістер енгізілді. Бұрын 1 жылдың ішінде өзінің тәуелді еместігін дәлелдесе, былтырғы желтоқсаннан бастап олардың жазылғанын дәлелдеу 3 жылға ұзартылды. Олар екі айда бір келіп, бақылауда болады», - дейді психиатр маман.

Айтжанованың айтуынша, ем-дом қабылдаған адамның жағдайы жақсармаса, оған мүгедектік тағайындалады.

 «Бұл дерттің салдарынан кейбір науқас жұмыс істей алмайды. Мысалы, мұғалімде шизофрения болса, ол мектепте жұмыс істей айлмайды. Мүгедектік сондай жағдайда беріледі. Ал толық ем-домын қабылдаған адам өзіне келмесе, ем қонбаса мүгедектік беріледі. Қазір емдеу техникалары да жақсарды. Қазір үш айда бір екпе салып ем қабылдайтын жағдайға жеттік. Біз психикалық ауруларды емдеп үйрендік. Енді біздің бар ынтамыз психикалық денсаулықты сақтау, науқас адамды қоғамға қайтару. Өзге адамдар сияқты өмірдің рахатын көруге көмектесуіміз керек», - дейді Айтжанова.

Оның айтуынша, коронавирус кезіндегі карантиннен кейін адамдардың үрейі күшейген.

«Қазір әлеуметтік желінің де психикалық денсаулыққа әсері тиюі мүмкін. Бәрі мінсіз өмірді көрсетеді. Ал коронавирустен кейін адамдарда үрей көбейгенін атап өткен жөн. Тұншығу, төрт қабырғаға қамалып отыру, көп адам жұмыстан айырылып, емін-еркін өмірден құр қалғандай күй кешті. Сол себепті адамдардың невротикалық өзгерістері болған. Сосын көп адам несиеге әуес, олар бүгін әдемі өмір сүргісі келеді. Сол себепті несиеге батып та, күйзеліске ұшырайды. Бірақ осының барлығы психикалық ауруға алып келеді деп айта алмаймыз. Бірақ депрессия, күйзеліске келуіне әсер етуі мүмкін», - деп түйіндеді маман.

Астана қалалық психикалық денсаулық орталығында науқастарға психикалық көмек тегін көрсетіледі.

Серіктес жаңалықтары