Петропавлда зираттағы қоқысты шығаруға 15 млн теңге бөлінді

Автор: Azattyq Rýhy

Қала тұрғындары зираттың қоқыс алаңына айналуына халықтың өзі кінәлі дейді 

Петропавл қалалық әкімдігі 2 христиан зиратын қоқыстан тазартуға 15 миллион теңге бөлген. Тазалық жұмыстары сәуір айында басталып, жаз бойы жүргізілмек. Әзірге 100 тонна қоқыс шығарылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

Новопавловка мен Жұмысшы кентіндегі екі зират та толуына байланысты жабылып қалған. Қоқыстың көптігі соншалық, қорымды тазартуға мемлекеттік сатып алу жарияланып, санитарлық жұмысқа жекеменшік компания жұмылдырылған. Тапсырысты жергілікті «Рич Номод Норд» серктестігі жеңіп алған.

Петропавл қаласының тұрғыны Елена Опрышко қорымға жылына екі мәрте келеді екен. Ол киелі орынның қоқыс алаңына айналуына халықтың өзі кінәлі екенін айтады.

«Қорымда қаншама марқұм жатыр. Бұл зиратта менің ата-анам жерленген. Міндетті түрде келіп тұрамын. Сәл де болса сағынышымды басамын. Әкелген бұрынғы гүлдерді жинап, қоқыс контейнерлеріне салып жүремін. Осында туысқандарым жатқан соң, өз учаскемде тазалалық жұмыстарын жүргіземін. Басқаларға  айтарым – қоқыс қалдырмай, жинап жүрсеңіздер екен. Зираттың мына күйн көріп, көңілім құлазып қалады», - дейді ол ашынып.

Зират жабылғанымен, онда туған-туыстарының моласына барып, діни рәсімдерді орындаушылар көп. Алайда, олардың басым көпшілігі соңынан қалған қоқысты жинауды әдетке айналдырмаған.

«Зират аумағында қоқыстан аяқ алып жүрер жер қалмаған. Марқұм болған туған-туыстарының басына келген кей қалалықтар қоқысын отырған жерінде қалдырып кетеді. Арақтың, судың бөтелкелері, полиэтилен пакеттер, қураған жасанды гүл, тіпті тамақ қалдықтарына дейін бар. Қоқысты тазалауға 4 камаз бен 1 жүктиегіш жұмылдырылды», - дейді Петропавл қалалық әкімдігінің тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бөлімінің баспасөз хатшысы Әсем Айтулова.

Эльмира Мәмбетқызы, СҚО