Абай облысы бойынша Жол картасында орындалуы тиіс 157 тармақ бар
«AMANAT» партиясының «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасының Жол картасын жүзеге асыру бойынша Абай облысының әкімдігі есеп берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Орталық аппаратта өткен жиынға «AMANAT» партиясының хатшысы Ержан Жылқыбаев, Партиялық бақылау комитетінің төрағасы, Мәжіліс депутаты Павел Казанцев, Абай облысы әкімінің орынбасары Димитрий Гариков, облыстық мәслихат төрағасы Шалқар Байбеков және т.б. қатысты.
Аймақтың Жол картасындағы белгіленген міндеттерді орындауға келгенде жергілікті билік органдары жұмысты жоспарлау, ұйымдастыру және жүзеге асыруда бәсеңдік танытып отырған тұстары бар. Бұл туралы Партиялық бақылау комитетінің төрағасы, Мәжіліс депутаты Павел Казанцев толығырақ атап өтті.
«2023 жылғы сәуірде еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы жөніндегі кеңесте Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің сайлауалды бағдарламасы мен Мәжіліс сайлауында жеңіске жеткен «АMANAT» партиясы бағдарламасының элементтерін жаңартылған ұлттық даму жоспарына енгізуді тапсырды. Бұл құжаттар Үкімет пен мемлекеттік органдар жұмысының негізгі бағыттарына айналды. Өткен жылғы 27 маусымда Мәжілісте өткен «АMANAT «партиясы фракциясының жиналысында Үкімет мүшелерінің қатысуымен партия төрағасы Ерлан Қошанов президенттің 2029 жылға қарай ел экономикасын екі есеге арттыру міндетін атап өтті. Бұл мақсат сайлау бағдарламасы мен жол картасында жазылған.
Әрбір депутат, министр және әкім осы міндеттің орындалуына жауапты. Алайда, он аймақтың есебін тыңдағаннан кейін жергілікті билік органдарының жұмысты жоспарлау, ұйымдастыру және жүзеге асыруында проблемалар бар екендігі анықталды.
Партияның сайлауалды уәделерін орындауы халықтың өмір сапасын жақсартуға тікелей байланысты, бұл біз үшін өте маңызды. Барлық өңірлік Жол карталары тұрғындардың талап-тілектерін ескере отырып әзірленді және өңірлердегі әлеуметтік-экономикалық жағдайды жақсартуға бағытталған», - деді Мәжіліс депутаты Павел Казанцев.
Абай облысы бойынша Жол картасында орындалуы тиіс 157 тармақ бар. Жол картасының пунктеріне партия фракциясының 122 мүшесі – мәслихат депутаттары бекітілді. 2024 жылы орындауға жоспарланған 104 тармақтың ішінен: 87 тармақ орындалған, 15 тармақ орындалмаған, ал 2 тармақ жарияланбаған статистикалық деректерге кіреді.
«Бүгін бірінші рет Өңірлік Жол картасының орындалуын осындай құрамда талқылауға жиналып отырмыз. Өздеріңіз білетіндей, 2024 жылдан бастап аймақтық партия филиалдарының басшылары, фракция жетекшілері мен партия бақылау комиссиясы төрағаларын тыңдадық. Негізгі сұрақтардың бірі Өңірлік жол картасының орындалу барысы болды. Бірқатар тапсырма беріліп, ескертулер айтылды. Бірақ әлі де орындалмаған сұрақтар бар, сондықтан өздеріңіздің қатысуларыңызбен осы мәселені, тәуекелдерді жан-жақты қарап, шешу жолдарын анықтаумыз керек. Бұл өте маңызды, өйткені сайлау алдында берілген уәделерді орындау мерзімінің жартысы өтіп кетті», - деді «AMANAT» партиясының хатшысы Ержан Жылқыбаев.
Мәселен, 2024 жылға арналған «35 ауылдағы сумен жабдықтау желілерін жаңғырту» жоспары бойынша 11 нысан жаңартылуы керек еді. Алайда бүгінде тек 7 нысан пайдалануға берілді. 4 аяқталмай қалды.
Сонымен бірге, аймақта құрылысы аяқсыз қалған мектептер мен балабақша бар. Былтыр Абай ауданы Кеңгірбай ауылында балалар лагері салынуы тиіс еді, бірақ қазіргі уақытта нысанның дайындығы небәрі 88 пайызды құрайды. 2024 жылы 5 мектептің құрылысын аяқтау жоспарланған болатын. Алайда, жыл соңындағы жағдай бойынша үш нысанның құрылыс-монтаждау жұмыстары толық аяқталмаған.
Бесқарағай ауданы, Бесқарағай ауылында 300 орындық мектеп 94 пайызы, Қарағайлы ауданындағы 1200 орындық мектеп 95 пайызы, Водный кентіндегі 600 орындық мектеп 94 пайызы, Аягөз ауданының ет комбинаты шағын ауданында 600 орындық мектеп 53 пайызы аяқталып тұр. Абай облысы әкімінің орынбасары Димитрий Гариков орган тарапынан мектептердің құрылысына бақылау жүргізіліп отырғанын және негізгі проблемалардың неден болғанын түсінідірді. Ол Ақсуат ауылындағы 300 орындық мектеп құрылысы мердігер ұйыммен арадағы сот дауына байланысты 2025 жылға ауыстырылғанын айтты.
Жиында осы сияқты бірқатар мәселе талқыланып, облыс әкімдігі үшін нақты ұсыныстар қабылданды.
Партиялық және мемлекеттік құрылымдардың тапсырмалар мен жол карталарын уақытында орындамағаны үшін жауапкершілігін күшейту; әрбір орындалмаған тармақ бойынша (2023-2024 жж.) кезеңдері, мерзімдері, жауапты және индикаторлары бар нақты кесте дайындау; алдағы жылдарға арналған Жол картасының көрсеткіштеріне талдау жүргізу және жоспарлауды жақсарту бойынша шаралар ұсыну.