Қазақстанда карантин кезінде 4,2 млн адам жұмысынан уақытша босатылды – Біржан Нұрымбетов

Автор: Azattyq Rýhy

Министрдің айтуынша, І тоқсан қортындысы бойынша елімізде жұмыссыздық деңгейі 4,8%-ды құрайды

Фото: ашық дереккөзден

Наурыз-сәуір айларында карантиндік шаралардың енгізілуіне байланысты 4,2 млн қазақстандық жұмысынан уақытша босатылды. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов мәлімдеді.

Министрдің айтуынша, карантинді алып тастағаннан кейін халықтың жұмыспен қамтылуы 2020 жылдың шілдесінен бастап қалпына келуі мүмкін деп санайды. Ол өз болжамдарын ҚР Үкіметінің отырысында айтты.

Біржан Нұрымбетов осы жылдың І тоқсанының қортындысы бойынша, экономикада жұмыспен қамтылғандар саны 8,8 млн адамды, жұмыссыздық деңгейі – 4,8%-ды құрағанын атап өтті.

Наурыз-сәуір айларында карантиндік шаралардың енгізілуіне байланысты 4,2 млн. қазақстандық жұмысынан уақытша босатылған.

«Үстіміздегі жылдың 20 сәуірінде карантиндік шараларды жеңілдету басталды, бұл азаматтарды кезең-кезеңімен жұмысқа орналастыруға мүмкіндік берді. Үкімет тарапынан халықтың жұмыспен қамтылуына басымдық беріле отырып қабылданып жатқан экономиканы қалпына келтіру шаралары ағымдағы жылдың шілде айынан бастап еңбек нарығындағы жағдайдың тұрақтануына қол жеткізуге мүмкіндік береді», – деді Нұрымбетов.

Министрдің айтуынша, жыл соңында жұмыссыздықтың болжамды  деңгейі 6,1%-ды құрайды.

Сонымен қатар, ол ағымдағы жылы жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шаралары арқылы 1 млн 220 мың адамды қамту жоспарланып отырғанын атап өтті.

«Азаматтардың басым бөлігі – 600 мың адам Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру аясында, Жұмыспен қамтудың жол картасы бойынша – 255 мың адам, басқа да мемлекеттік бағдарламалар бойынша (Нұрлы жол, Нұрлы жер, ИИДМБ, БЖК 2020-2025 және т.б.) – 364 мың адам қамтылатын болады», – деді Біржан Нұрымбетов.