Ауылда қоныстой: Абай облысында 26 отбасыға жаңа пәтердің кілті берілді
Жаңасемей ауданының Шүлбі кентінде қоныстой тойланды

Жаңасемей ауданының Шүлбі кентінде 26 отбасыға арналған екі пәтерлі тұрғын үй пайдалануға берілді. Кілт тапсыру рәсіміне аудан әкімі Алмас Тастенбеков қатысты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қазіргі таңда Жаңасемей ауданында 100-ден астам азамат тұрғын үй кезегінде тұр. Олардың баспана мәселесін кезең-кезеңімен шешу үшін бірқатар шаралар қолға алынуда.
Солардың бірі – Шүлбі кентіндегі бұрынғы 60 пәтерлі көпқабатты тұрғын үйді қайта жаңғырту жобасы. Жөндеу жұмыстары аяқталған соң тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға пәтер беріледі.
2023–2029 жылдарға арналған инфрақұрылымды дамыту тұжырымдамасы аясында Жаңасемей ауданында бірнеше құрылыс жобасы жүзеге асырылып жатыр. Мұқыр, Бөкенші ауылдары мен Шаған кентінде екі пәтерлі тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде.