Жыл басынан бері 781 жаяу жүргінші жол қозғалысы ережелерін бұзған
Абай облысының тұрғындары белгіленбеген тұстардан жолды кесіп өтемін деп миллиондаған айыппұл арқалады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Облыстық ПД мәліметінше, 2025 жылдың басынан бері Абай облысында жолдың жүру бөлігін кесіп өту кезінде жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін 781 жаяу жүргінші әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Салынған айыппұлдардың жалпы сомасы шамамен 3,5 миллион теңгені құрады.
«Жолды белгіленбеген жерден кесіп өту – жол-көлік оқиғаларының негізгі себептерінің бірі болып қала беруде. Жаяу жүргіншінің жолдың жүру бөлігіне кенеттен шығуы апаттық жағдай тудырып, соқтығысулар мен қағып кетулерге әкелуі мүмкін. Мұндай жол-көлік оқиғаларында көбінесе жаяу жүргіншілердің өздері және басқа да жол қозғалысына қатысушылар зардап шегеді.
Абай облысы Полиция департаменті азаматтарды жолда барынша мұқият болып, белгіленген жаяу жүргіншілер өткелдері мен бағдаршамдарды пайдалануға, сондай-ақ көру шектелген жағдайда жолды кесіп өту кезінде аса сақ болуға шақырады», - делінген хабарламада.
Видео: Абай облысы ПД баспасөз қызметі