Жамбыл облысында 60-тан асқан адамнан бірнеше пакет есірткі табылды
Оның есірткіні Шу ауданының құмды аймағында дайындағаны анықталды

Жамбыл облысында 61 жастағы тұрғыннан 11 келі гашиш тәркіленді. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігі Polisia.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Жамбыл облысында Шу ауданының 61 жастағы тұрғыны ұсталды. Ол аса ірі мөлшердегі есірткі заттарын сату мақсатында сақтап, тасымалдаған.
Полиция қызметкерлері Алматы-Екатеринбург тасжолында жедел-іздестіру іс-шараларын өткізу барысында Land Rover автокөлігін тоқтатқан. Тэя атты қызметтік иттің көмегімен автокөліктің салонын тексеру кезінде артқы жолаушылар орындықтарының астынан өсімдік тектес қара-жасыл түсті ұнтақ заты бар 11 полиэтилен пакет табылды.
Сот-химиялық сараптаманың қорытындысына сәйкес, алынған зат жалпы салмағы 11 келі 120 грамм гашиш есірткі заты болып шықты. Тергеу барысында күдіктінің есірткіні Шу ауданының құмды аймағында дайындап, Қарағанды қаласына апарып сатпақ болғаны анықталды.
Қазіргі уақытта ол Шу ауданының уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. ҚР ҚК 297-бабы 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.