Бүгін – Ұлттық киім күні
Алматы қаласындағы «AMANAT» партиясының белсенділері Наурызнама мерекесі аясында белгілі кәсіпкер Темірлан Ерзатұлымен бірге шеберлік сабағын өткізді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Бұл іс-шара Қазақстанда жыл сайын аталып өтетін Ұлттық киім күніне орай ұйымдастырылды. Ұлттық киім – халықтың мәдени мұрасының ажырамас бөлігі, ал мұндай шаралар дәстүрлі қазақ киімінің маңыздылығын сақтауға және оны заманауи сән үрдістеріне бейімдеуге ықпал етеді.
«Ұлттық киім – бұл біздің мәдени кодымыз. Оны заманауи сәнмен үйлестіру арқылы біз қазақ рухын сақтап қана қоймай, оны жаңа деңгейге көтереміз. Бүгінде көптеген дизайнерлер этностильді сән трендтерімен сәтті үйлестіруде, бұл – қуантарлық жайт. Қазіргі жастар ыңғайлы әрі стильді киім таңдағандықтан, біз де фасондарды қарапайым етіп, күнделікті киюге лайықтап жасап жатырмыз. Шапан мен кәжекейге деген сұраныс артып келеді, сондықтан болашақта casual және business стильдегі топтамаларымызды кеңейтуді жоспарлап отырмыз», – деді Темірлан Ерзатұлы.
Студенттер дизайнерлік шешімдер, ұлттық стильдің әлемдік сәнге ықпалы және сән индустриясындағы кәсіби даму туралы сұрақтар қойып, белсенді пікір алмасты. Әсіресе, ұлттық мұраны сақтап, қазақ сәнін халықаралық деңгейде дамыту тақырыптары ерекше қызығушылық тудырды.
«Бұл – мәдени ерекшелігімізді дәріптейтін маңызды мереке. Ұлттық киім арқылы біз өзіміздің түп-тамырымызды, тарихымызды тереңірек түсінеміз. Сондықтан мұндай іс-шаралар жастардың ұлттық сана-сезімін қалыптастыруда маңызды рөл атқарады. Бүгінгі шеберлік сабағы – тек сән туралы әңгіме емес, сонымен қатар мәдениетіміз бен тарихымызды тереңірек ұғынып, ұлттық дәстүрлерді бағалауға үйрететін мүмкіндік. Жастар өз тамырын танып, оны жаңа деңгейде дамытуы тиіс, ал осындай іс-шаралар соған ықпал етеді», – деді «AMANAT» партиясының Алматы қалалық филиалы төрағасының орынбасары Қуаныш Төлепов.
Іс-шара ұйымдастырушылары мұндай кездесулер отандық сән индустриясының дамуына және Қазақстанның мәдени дәстүрлерін сақтауға оң әсер ететінін атап өтті.