Азаматтардың қаржылық қауіпсіздігі «AMANAT» партиясының басты назарында
«AMANAT» пен Қаржылық мониторинг агенттігі бірлесіп халықтың қаржылық сауатын арттыруда

«AMANAT» партиясының «Қарызсыз қоғам» жобасы арқылы 850 мыңға жуық қазақстандық азамат қаржылық сауатын арттырды. Жоба түлектерінің 40%-дан астамы қарыз жүктемесі мен несиелер санын азайтты. Алайда бүгінде азаматтарды интернет-алаяқтардың белсенді әрекетінен қорғау жұмысын күшейту, сондай-ақ қаржы пирамидаларынан зардап шеккен адамдарға көмек көрсету мәселесі аса маңызды болып отыр. Осы мақсатта, бүгін «AMANAT» партиясы мен ҚР Қаржылық мониторинг агенттігі өзара ынтымақтастық туралы меморандум жасасты. Құжатқа партияның атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібек пен агенттік төрағасының орынбасары Қайрат Бижанов қол қойды. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігі «AMANAT» партиясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Дәулет Кәрібек несие қамытын киген азаматтардың борышын азайту мақсатында бес жыл бұрын мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен бірреттік шара ретінде 500 мың азаматтың кепілсіз несиесі кешірілгенін атап өтті. Ал мәселені жүйелі түрде шешу үшін президент тапсырмасы бойынша Мәжілістегі «AMANAT» партиясының фракциясы жеке тұлғалардың банкроттығы туралы және кредит беру кезінде тәуекелдерді барынша азайту туралы Заң әзірледі. Атап айтқанда, 2026 жылға дейін банктер мен микроқаржы ұйымдары азаматтардың несиелерін коллекторларға сатуына мораторий жарияланды, тұтынушылық қарыздардың ең жоғары сомасы белгіленді, кепілсіз тұтынушылық қарыздар бойынша сыйақының шекті жылдық тиімді мөлшерлемесі төмендетілді және тағы басқа қадамдар жасалды. Қабылданған түзетулер іс жүзінде банктердің емес, қарапайым адамдардың мүддесін қорғайды.
«Қарызсыз қоғам» жобасы қарызға, қаржылық тұрақсыздық мәселелеріне тап болған адамдарды қолдаудың тиімді тетігіне айналды. Осы жобаның тиімділігін Президент те бірнеше рет атап өтті. Өкінішке қарай, көп азамат өзінің қаржылық құқығын білмейді. Жобаға қатысушылар тек оқу барысында ғана өз қарызының артық төлемін біліп жатады. Сондықтан біздің бастамамыз қазақстандықтар үшін нағыз «құтқару шеңберіне» айналды. Жоба жүзеге асырылып келе жатқан екі жыл көлемінде ел аумағындағы 850 мыңға жуық адам қаржылық сауатын арттыру курсынан өтіп, олардың 70 мыңына заңгерлер көмек көрсетті. Қаржылық мониторинг агенттігімен өзара бірлескен жұмысымыз профилактикалық және білім беру қызметін күшейтуге, сондай-ақ жобаға барынша көп азаматты тартуға ықпал етеді», – деді партияның атқарушы хатшысы.
Сондай-ақ Дәулет Кәрібек «AMANAT» партиясы алдағы уақытта да азаматтардың қарызын қайта құрылымдауға және коллекторлармен туындаған дау-дамайларды шешуге көмектесетінін айтты. Бұл, әсіресе, 90 күннен астам уақыт төленбей келген несие берешегі бар адамдарға қатысты. Мұндай азаматтардың саны шамамен 1,6 млн адамды құрап отыр. Жалпы, «Қарызсыз қоғам» жобасы арқылы проблемалық несиелер деңгейі 2020 жылғы 18%-дан 2024 жылы 7%-ға дейін төмендеді.
ҚР Қаржылық мониторинг агенттігі төрағасының орынбасары Қайрат Бижанов «AMANAT» партиясымен ынтымақтастық орнатып, қаржылық алаяқтыққа қарсы бірлесіп жұмыс істеудің маңызын атап өтті. Ол күш-жігерді біріктіру қадамы қаржылық жауапкершілікті қалыптастыру және азаматтарды алаяқтардан қорғау жұмысына сенімді серпін беретінін жеткізді.
«Бүгінде қаржы пирамидалары белсенді жұмыс істеп жатыр. Олардың басым бөлігі шетелден басқарылады. Өткен жылдың өзінде Агенттік 29 қаржы пирамидасын анықтап, 41 онлайн құмар ойын алаңын жойды. Қаржылық алаяқтық белгілері бар 327 чат жабылды. Ондағы азаматтардың жалпы саны 1,5 миллионнан асады. «Кибербақылау» жүйесінде қаржы пирамидасы белгілері бар 15 мыңға жуық сайт пен аккаунт және 12 мың онлайн-казино бұғатталды. Биыл екі айда 11 қаржы пирамидасының қызметі тоқтатылды, 4,5 мың сайт пен аккаунт бұғатталды, әлеуметтік желілерде 13 мың әлеуетті салымшысы бар 6 топ, 4 мыңнан астам онлайн-казино сайттары мен аккаунттары жабылды», – деді ол.
Меморандум шеңберінде тараптар бірлесіп оқыту материалдарын әзірлеуге және таратуға, қоғамды алаяқтардың әрекеттері мен оларды танып-білу тәсілдері туралы жедел хабардар етуге, алаяқтардың құрбандарына қолдау көрсетуге, сондай-ақ заңнаманы жетілдіру жөнінде ұсыныстар енгізуге ниетті.
Еске сала кетейік, «Қарызсыз қоғам» жобасы 2023 жылы 2 мамырда 12 банктің және 11 мемлекеттік органның қолдауымен бастау алды. Сарапшылардың дәрісінен бөлек, жобаға қатысушылар enbek.kz порталына тіркелу және ЖК ашудан бастап, соттан тыс банкроттықты сүйемелдеу және берешекті өтеу кестесін әзірлеуге дейінгі түрлі сұрақ бойынша кеңес алады. Сондай-ақ, оқыту барысында қатысушыларға заңгер көмегіне кепілдік беріледі. Олар әр қарыз алушының несие тарихын жеке зерттеп, қарыз жүктемесін жеңілдету бойынша кеңес береді.
Курсқа жазылу үшін qogamfin.kz сайтындағы нысанды толтыру қажет. Жобаға қатысушылар күндізгі форматта сауатын арттырып, бір топта 50 адамға дейін оқытылады. Дәріс ұзақтығы – 5 жұмыс күні.