Трамп БАҚ-та істейтін мыңнан астам адамды ақысыз демалысқа жіберді

Автор: Дәулет Ботагөз

Бұл өзгеріс шетелдік аудиторияға бағытталған бұқаралық ақпарат құралдарын қамтыды

Фото: © AP Photo / Evan Vucci

АҚШ президенті Дональд Трамп әкімшілігі мыңнан астам адамды ақысыз демалысқа жіберу туралы шешім қабылдады. Бұл өзгеріс ең алдымен шетелдік аудиторияға бағытталған «Америка дауысы» (Voice of America) және «Азаттық радиосы» (Radio Free Europe/Radio Liberty) секілді бұқаралық ақпарат құралдарын қамтыды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy DW басылымына сілтеме жасап.

AFP агенттігінің мәліметінше, «Америка дауысы», «Азаттық радиосы», «Азиядағы Азаттық радиосы» (RFA) қызметкерлері электрондық пошта арқылы ескерту алған. Оларға кеңсеге кіруге тыйым салынып, журналистік куәліктері мен қызметтік телефондарын тапсыру міндеттелген.

Бұл шешім Трамптың жеті тәуелсіз федералдық агенттікте ірі қысқартулар жүргізу туралы жарлығына байланысты қабылданды. Қысқартуға ұшыраған мекемелер қатарында АҚШ-тың жаһандық медиа агенттігі (USAGM) бар, ол осы халықаралық БАҚ-ты қаржыландырып келген.

«Азаттық радиосының» басшысы Стивен Капус мемлекеттік қаржыландырудың тоқтағанын растады. Оның айтуынша, 75 жыл бойы жұмыс істеген радиостанцияның қызметі тоқтауы мүмкін.

«Қаржыландырудың тоқтатылуы – Американың жауларына үлкен сыйлық. Ирандағы аятоллалар, Қытай коммунистік басшылары мен Мәскеу мен Минск автократтары біздің жұмысты тоқтатуымызды қуана қабылдайды. Біздің 50 миллионға жуық тыңдарманымыз шынайы жаңалықтар мен әлемдегі оқиғалар туралы нақты ақпараттан айырылады», – деді Капус.

2017 жылғы дерек бойынша, «Азаттық радиосында» 400-ге жуық тұрақты журналист жұмыс істеген, ал 700-ден астамы фрилансер ретінде қызмет атқарған.