«Пәтер ұтып алдыңыз»: Астанада жалған ұтыс туралы мәлімет таратқан алаяқтық орталық жойылды

Автор: Дәулет Ботагөз

Олар елордадағы бизнес-орталықтардың бірінде жұмыс істеген

Фото: polisia.kz

Астанада интернет-дүкендер атынан хабарласып, жалған ұтыстар туралы мәлімет таратқан call-орталықтың қызметі тоқтатылды. Бұл туралы ҚР Ішкі істер министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy..

Министрлік мәліметінше, киберқылмыспен күрес бөлімінің қызметкерлері елордадағы бизнес-орталықтардың бірінде жұмыс істеген алаяқтық call-орталықты анықтады.

«Алаяқтар «Техносмарт», «Байзон», Like me shop интернет-дүкендерінің қызметкерлері ретінде хабарласып, азаматтарға көлік немесе пәтер ұтып алғанын айтқан. Бірақ ол үшін «салық» төлеу керектігін талап еткен», — делінген хабарламада.

Тексеру барысында алты күдікті ұсталып, олардың барлығы Қазақстан азаматтары екені анықталды. Полицейлер жеті ноутбук, маршрутизатор және Wi-Fi роутерді тәркіледі.

Министрлік азаматтарға алаяқтардың айла-тәсілдеріне алданып қалмауды ескертіп, күмәнді жағдайда 102 нөміріне немесе тұрғылықты жердегі полиция бөліміне хабарласуға шақырды.