«Ұлттық Ұлан ұятқа қалды»: Оралда таяққа жығылған оқушы қызды құтқарғандарға қатысты дау шықты

Автор: Дәуренқызы Алма

Осыдан бір күн бұрын Ұлттық Ұлан сарбаздары ерлігі елге жария болды

Фотоколлаж: Azattyq Rýhy

Орал қаласында бір топ жасөспірім қызды соққыға жыққан. Оқиға куәсі болған Қазақстан Республикасы Ұлттық Ұланының 5517 әскери бөлімінің қызметкерлері жәбірленушіні құтқарғаны хабарланған болатын, деп жазады Azattyq Rýhy.

Алайда, кейінірек анықталғандай, қызға алғашқы көмек көрсеткендер – сол жердегі дүкеннің қызметкерлері болып шықты. Бұл туралы дүкен иесі Екатерина Быстрянина өзінің әлеуметтік желісінде хабарлады. Оның айтуынша, әскерилер расымен сол жерде болған, бірақ айқай-шуға қарамастан, араласпай өтіп кеткен. 

Дүкен қызметкерлері қыздың көмекке шақырған дауысын естіп, бірден көшеге шыққан. Оларды көрген жасөспірімдер бірден тарап, сатушылар қызды дүкенге кіргізіп, алғашқы көмек көрсеткен.

«Біздің қыздар айқайды естіп, тіпті, сырт киімін кимей, жүгіріп шыққан. Төбелестің ортасына түскенде жасөспірімдер қашып үлгерген. Қыз қансырап жатты. Дүкен қызметкерлері оның тұруына көмектесіп, дүкенге апарып, үсті-басын ретке келтірген. Сосын полиция мен ата-анасын шақырған. Кейін ғана әскерилер келіп, жөн сұраса бастады. Олардың тарапынан ешқандай көмек болған жоқ», – деді дүкен иесі. 

Бұған дейін оқушының жағдайы жайлы Ұлттық Ұлан хабарлаған еді.

«Ұсталған кәмелетке толмағандар құқық қорғау органдарына тапсырылды, қызға қажетті медициналық көмек пен қолдау көрсетілді», - делінген ҚР ІІМ Ұлттық ұланның баспасөз қызметінің хабарламасында.