Президент сөзін жалғай отырып, алдағы бес жылда аталмыш сала екі есе көп өнім беруі керек екенін айтты
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Бурабайда өтіп жатқан Ұлттық құрылтай отырысында ауыл шаруашылығы саласында болып жатқан былықтарды әшкере етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Президент өз сөзінде жемқорлардың кесірінен ауыл шаруашылығы саласы дамымай тұрғанын айтты.
«Қазақстанның ауыл шаруашылығындағы әлеуеті зор екені белгілі. Енді соны тиімді пайдаланатын кез келді. Еліміздің әуелгі мүмкіндіктеріне қарасақ, біз әлдеқашан әлемдегі алпауыт аграрлық мемлекеттің бірі болуға тиіс едік. Бірақ ауыл шаруашылығына жеткілікті қаржы салынған жоқ. Бұл саланы жемқорлар мен алаяқтар иемденіп келді. Олардың ішінде мемлекеттік қызметшілер де болды. Жалған мәліметтердің кесірінен мемлекет қағаз жүзіндегі мал санына жылдар бойы субсидия төледі. Қазір қордаланған мәселенің бәрін шешіп, агроөнеркәсіп кешенін жаңа деңгейге көтеру үшін көп жұмыс жүргізіліп жатыр», - дейді президент.
Мемлекет басшысы сөзін жалғай отырып, алдағы бес жылда аталмыш сала екі есе көп өнім беруі керек екенін айтты.
«Біз алдағы бес жылда ауыл шаруашылығының жалпы өнімін екі есе көбейтіп, осы саладағы еңбек өнімділігін үш есе арттыруымыз керек. Бұл – өте маңызды міндет.
Қазақстан 10 жыл ішінде бидайды терең өңдеп, дайын өнім өндіретін және оны әлемдік нарыққа шығаратын ең үздік он елдің қатарына қосылуға тиіс», - дейді Тоқаев.