Қала басшылығы қала маңындағы барлық автобусты ертең, 1 маусым күні жолға шығармақ
City Transportation Systems компаниясы хабарлағандай, 1 маусымнан бастап қала маңында қатынайтын автобустардың барлығы қарантиннен кейін қайта жүре бастайды. Автобустар әзірге таңғы сағат 06.00-ден кешкі сағат 22.00-ге дейін жүреді.
«Автобустар әдеттегідей дезинфекцияланады. Жүргізушілер қауіпсіздік шараларын сақтайды, яғни, бетперде мен қолғап киеді және антисептик пайдаланады. Жолаушылардан да бетперде кию талап етілмек. Қазақстан Республикасы Бас санитарлық дәрігерінің 10 мамырдағы Қаулысына сәйкес, жолаушыларға қоғамдық көлікке бетпердесіз кіруге болмайды», - деп хабарлаған компанияның баспасөз қызметі.
Қала ішіндегі маршурттар сияқты, қала сыртындағы Қосшы, Қоянды, Талапкер сияқты ауылдарға баратын автобустарда да жолаушылардың саны отыратын орындықтардың жартысынан аспауы керек. Жолақысын қолма-қол ақшамен төлеуге болмайды. Сондықтан, жолақысын айлық карта, SMS немесе QR-код , мобильді қосымшалар арқылы төлеу керек.