Екі елдің қорғаныс министрлері кездесті
Қазақстанның қорғаныс министрі генерал-полковник Руслан Жақсылықов Италияға сапармен барып, әріптесі Гвидо Крозеттомен кездесті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Келіссөздер барысында тараптар әскери білім, жауынгерлік даярлық және бітімгершілік қызмет саласындағы екіжақты ынтымақтастықты талқылады. Руслан Жақсылықов Қазақстан үшін бітімгершілік миссияларының маңыздылығын атап өтіп, Ливандағы БҰҰ миссиясына қазақстандық офицерлердің италиялық контингентпен бірлесіп қатысуын табысты әріптестіктің мысалы ретінде көрсетті», — делінген хабарламада.
Кездесу қорытындысы бойынша Қазақстанның Ұлттық қорғаныс университеті мен Италияның Жоғары қорғаныс зерттеулері орталығы арасында академиялық және ғылыми зерттеулер саласындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
Сапар аясында қазақстандық делегация Пратика-ди-Маре теңіз авиация базасы мен әскери әуежайына барып, италиялық Leonardo компаниясының әскери тікұшақтары мен әскерді автоматтандырылған басқару жүйелерімен танысты.