Қазақстандықтардың депозиттерінде қанша ақша бар

Автор: Дәулет Ботагөз

Банктердегі депозит көлемі қалай өзгергені белгілі болды

Фото: © istockphoto.com

2024 жылдың қорытындысы бойынша қазақстандықтардың депозиттеріндегі ақшаның орташа көлемі 204 мың теңгені құрады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорына сілтеме жасап.

Өткен жылы халықтың банкке салған жалпы қаражаты 20,3%-ға өсіп, 24,5 трлн теңгеге жетті. Ал банктердің жалпы активтері 20%-ға ұлғайып, 62 трлн теңгені құрады.

«Қазақстандықтардың басым бөлігі жинақтарын теңгемен сақтайды – ұлттық валютадағы депозиттер 23,8%-ға артқан. Жалпы депозиттік нарықтың 20,3%-ға өсуіне теңгелік салымдар 17,4%, ал валюталық салымдар 2,9% үлес қосты», — делінген хабарламада.

2024 жылы депозиттік мөлшерлемелерді реттеудің жаңа жүйесі енгізілді. Бұған дейін ҚДКБҚ барлық банк үшін ең жоғары пайыздық мөлшерлемені белгілеп отырса, 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап бұл шектеулердің басым бөлігі алынып тасталды. Бұл өзгеріс банктерге өз мөлшерлемелерін икемді реттеуге мүмкіндік беріп, салымшылар үшін бәсекеге қабілетті жаңа ұсыныстардың пайда болуына ықпал етті.

Қор мәліметінше, депозиттік нарықтың негізгі бөлігін қарапайым салымшылар құрайды – олардың үлесі жеке тұлғаларға тиесілі барлық шоттардың 99,6%-ын қамтиды.

«Бұл салымдар көбіне күнделікті тұтыну мен күтпеген шығындарға арналғандықтан, тәуекелге толы инвестиция түрлері бұл санаттағы салымшылар үшін аса тартымды емес», – делінген хабарламада.