«Болашақ сәулетшілері» қорының негізін қалаушы Марат Әбиевке үкім шығарылды

Автор: Асыл Арман

Ол қылмыстық топ құрып, миллиардтаған қаражат тапқан

Фото: Instagram/abimarat

Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық сотының үкімімен «Болашақ сәулетшілері» қорының негізін қалаушы Марат Әбиев пен оның сыбайластары сотталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Сот үкімі 2025 жылы 14 ақпанда жарияланды.

«Марат Әбиев ҚР Қылмыстық кодексінің 262-бабының 1-тармағы (ұйымдасқан топты құру және басқару, сондай-ақ оған қатысу), 197-бабы 4-тармағының 1-тармақшасы (мұнай мен мұнай өнімдерін заңсыз сатып алу, сату, сақтау және тасымалдау, сондай-ақ олардың заңдылығын растайтын құжаттарсыз өңдеу), 234-бабының 3-тармағының 2-тармақшасы (экономикалық контрабанда) бойынша 9 жылға бас бостандығынан айырылды, сондай-ақ мемлекеттік қызметте өмір бойына лауазым атқаруға тыйым салынып, қоғамдық бірлестіктерді құруға және басшылыққа алуға байланысты қызметпен 5 жыл мерзімге айналысу құқығынан айырумен тағайындалды», - делінген Қаржылық мониторинг агенттігі таратқан хабарламада.

Оның сыбайластары 8 жылға бас бостандығынан айырылды.

Сот шешімі бойынша айыпталушылардың мүлкі тәркіленіп, олардың контрабандалық жолмен алынған 6 млрд теңгеден астам қылмыстық табысы тәркіленді.

Бұған дейін агенттік Марат Әбиев пен оның сыбайластары – Антон Новицкий, Жәнібек Дарибаев, Евгений Гребнев, Аманай Махметов – қатысты алдын ала тергеу аяқталғанын хабарлаған болатын.

«2018-2022 жылдар аралығында аталған тұлғалар ұйымдасқан топ құрып, Ақтөбе облысындағы МӨЗ-да ЕАЭО аумағында көлемі 50,6 мың тонна болатын сатуға тыйым салынған «К-2» экологиялық класты дизель отынын өндірген.

Кейін бұл дизель отыны басқа мұнай өнімі ретінде 11,3 млрд теңгеге сатылды, соның ішінде 22,6 мың тоннасы 6,7 миллиард теңгеге шетелге контрабандалық жолмен шығарылды.

Атап өтсек, мұнай өнімдерінің заңсыз айналымынан түскен қылмыстық табыс арқылы «Genesis» (немесе «Болашақ сәулетшілері») атты заңсыз қоғамдық бірлестіктің қызметі қаржыландырылған, оны құрып басқарғаны үшін 2023 жылдың 21 тамызында Марат Әбиев 7 жылға бас бостандығынан айырылған болатын», - деп хабарлайды агенттік.

Сот үкімі әлі заңды күшіне енген жоқ.