Алматыда шенеунік ірі көлемде пара алғаны үшін сотталып кетті

Автор: Асыл Арман

Ол жергілікті кәсіпкерден 20 млн теңгеге жуық ақша алған

Фотоколлаж: Azattyq Rýhy/Әбілқасым Есентаев

Алматы қаласының коммуналдық инфрақұрылымды дамыту басқармасы басшысының орынбасары Нұрбол Кажин пара алғаны үшін сотталып кетті. Медеу аудандық соты шенеунікке қатысты үкімін жариялады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Антикор мәліметінше, ол аула аумақтарын санитарлық тазалау бойынша жұмыстарды мемлекеттік сатып алу шарттарын жасасуға жәрдемдесу сылтауымен 19,5 млн теңге сомасында жергілікті кәсіпкерден ақша алғаны үшін кінәлі деп танылды.

«Қажинге мемлекеттік қызметте және мемлекеттік сектор субъектілерінде қызмет атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, 6 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Осы үкіммен мемлекет кірісіне айналатын жалпы сомасы 21 млн теңгеден астам екі автокөлік құралы түрінде мүлкі тәркіленді.

Сот актісі заңды күшіне енген жоқ. Конституцияның 77-бабы 3-тармағының 1-тармақшасына және Қылмыстық-процестік кодекстің 19-бабы 1-бөлігіне сәйкес, қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен белгіленгенге дейін әрбір адам кінәсіз деп есептеледі», - делінген Антикор хабарламасында.