Жезқазғанда африкалық мұғалімге заңсыз жұмыс істегені үшін айыппұл салынды

Автор: Дәуренқызы Алма

Айыппұл құны – 100 мың теңге

Фото: istockphoto.com

Жезқазғанда көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін Сьерра-Леоне азаматына айыппұл салынды. Бұл туралы Ұлытау облыстық сотының баспасөз қызметі хабарлады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Сот материалдарына сәйкес, іс фигуранты – «К.» есімді азамат елде рұқсат етілген уақыттан артық қалып, рұқсатсыз еңбек қызметімен айналысқан. Ол Жезқазған қаласында жергілікті кәсіпкердің қарамағында ағылшын тілі пәнінің мұғалімі болып жұмыс істеген.

Сот отырысында шетелдік азамат кінәсін толық мойындап, заң талаптарын білмегенін айтып, айыппұлмен шектеуді сұрады.

Сот кінәні толық мойындауын жеңілдететін мән-жай ретінде ескеріп, оған 25 АЕК (98 300 теңге) көлемінде айыппұл салды.

Соттың қаулысы әзірге заңды күшіне енген жоқ.