Оған қасиетті домбыраны белгілі композитор Сәкен Тұрысбеков табыстады
Сыйға тартылған домбыра атақты ұлттық аспап шебері Эммануил Романенконың төл туындысы, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Иә,күйдің құдіреті сөзге сыймайды. Сол құдіретті тудыратын адамның да деңгей-дәрежесін сөзбен жеткізу оңай болмаса керек. Содан болар Секен көкеме жыр арнаған Есағам осылай деген екен. Мен не дей алам… Ес білгелі осы жасқа дейінгі арман еткен киелі аспапты қолыма ұстата салғандағы жай-күйімді сөзбен жеткізе алмаспын. Секен ағамның алғаусыз ақ ниетінің арқасында әйгілі Романенконың төл туындысы енді менде де бар. Қазақтың маңдайалды шеберлері жасаған домбыраларымның қатарына әйгілі шебердің домбырасы қосылды.
Кезінде осындай домбыраға өзім құрметтейтін бір «абыз ағам» бес үйір жылқы сұрап меселімді қайтарған еді. Лайықты-ақ бағасына іздеп таба алмай келе жатқаныма қанша жылдар болды десеңізші?! Міне, енді Секен көкем батасын қосып беріп, ақ домбыраны сыйлай салды. Мені домбыраның қадір-қасиетін біледі деп сенгеніңіз үшін, осы аспапты ұстауға лайықты деп білгеніңіз үшін өзіңізге тағы да басымды идім, Ақ көке. Көңілімді толқытып, жаз-жайлудағы ақ жауындай тағы бір шексіз сезім-қуанышқа бөлегеніңіз үшін мың алғыс. Бізді өнердегі сіздердің салмақты да салихалы жолдарыңыздан Құдай айныта көрмесін. Бәріне мың Тәубе!» – деп жазды әнші.