Семейде соққыға жығылған оқушы бокс секциясына қатысады — ІІМ

Автор: Дәулет Ботагөз

Жасөспірімге жасалған шабуыл қоғамда үлкен резонанс тудырған еді

Фото: © istockphoto.com

Семейде бұзақылардың қолынан зардап шеккен баланы Ішкі істер министрлігіне қарасты «Динамо» спорттық қоғамы өз қамқорлығына алды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Жасөспірімге жасалған шабуыл қоғамда үлкен резонанс тудырып, қазақстандықтар оған және оның отбасына көмек көрсетіп жатыр. Полиция істі ерекше бақылауға алған.

Осы жағдайға байланысты Ішкі істер министрлігіне қарасты «Динамо» спорттық қоғамы жасөспірімге спортпен шұғылдануға мүмкіндік беріп, оның физикалық дайындығын нығайтуға және өзіне деген сенімін арттыруға көмектесуді қолға алды.

Спорт кешенінде оқушыны «Динамо» қоғамының төрағасы және Абай облыстық полиция департаментінің бастығы Бекторе Сұлтан қарсы алды. Олар «Жас Динамо» жасөспірімдер командасының спортшыларымен бірге оқушыға залды аралатып, жаттығу процесін көрсетті.

«Біз оның жалғыз емес екенін сезінгенін қалаймыз. Спорт адамның мінезін қалыптастырып, кез келген қиындықты жеңуге үйретеді. Ең бастысы – ол үлкен бір отбасының мүшесі бола алады, бұл жерде оған әрдайым қолдау көрсетіледі», – деді Бектөре Сұлтан.

Баланың өзі бокспен айналысқысы келетінін айтып, жаттығу залын қызығушылықпен қараған. Осыдан кейін ол «Динамо» командасының толыққанды мүшесі атанып, тәжірибелі жаттықтырушылармен бірге тегін жаттығуға мүмкіндік алды.

«Енді ол тұрақты түрде жаттығып, өзінің физикалық және психологиялық дайындығын дамытады. Жақсы нәтиже көрсетсе, келесі қадам ретінде «Жас Динамо» полиция сыныптарына қабылданып, құқық қорғау органдары мен тәртіп жайлы құнды білім ала алады», – деп мәлімдеді полиция өкілдері.