Ақтөбеде жұмбақ жағдайда көз жұмған бүлдіршіннің өліміне қатысты тың мәліметтер жарияланды
Қазір баланың өліміне қатысты тергеу жүріп жатыр

Ақтөбеде 28 ақпан күні таңертең Маресьев көшесіндегі үйлердің бірінің ауласынан бірінші сынып оқушысының мәйіті табылды. Қайғылы оқиға туралы ақпарат WhatsApp арқылы тұрғындар арасында тез тарады. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігі «Мой город» басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
WhatsApp хаттардың бірінде былай делінген:
«Бүгін таңертең №16 мектепте қайғылы оқиға болды. 1-сыныпта оқитын бала анасы 1 минутқа ғана кешігіп қалған соң аулаға шыққан. Бүлдіршінге қаңғыбас иттер шабуыл жасады».
Алайда Ақтөбе облыстық полиция департаментінің өкілдері қаңғыбас ит шабуыл жасағаны туралы ақпаратты жоққа шығарды. Тәртіп сақшыларының айтуынша, оқиға орнына сағат 7:30 шамасында жеткен жедел-тергеу тобы баланың денесінен зорлық-зомбылық белгілерін таппаған. Өлімнің нақты себебін анықтау үшін сараптама тағайындалды.
«Баланы ит талады деген ақпарат расталған жоқ. Оның киімдері бүтін, денесінде ешқандай жарақат жоқ», - деп хабарлады полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Тергеу жалғасып жатыр.
Ақтөбе облысының білім басқармасының басшысы Бұлбұл Күзембаеваның айтуынша, бала анасы мен әпкесінен бұрын шығып кетіп, аулада ес-түссіз құлап қалған;
Дәрігерлердің айтуынша, қоңырау таңғы 7:39-да түскен, ал жедел жәрдем 7:44-те оқиға орнына жеткен. Бала клиникалық өлім жағдайында болған. Дәрігерлер 30 минутқа жуық реанимациялық шаралар жасағанмен, аман алып қала алмады. Ол диспансерлік есепте тұрмаған, денсаулығына шағымы жоқ.
Айта кетейік, осыған дейін Ақтөбедегі аулалардың бірінде бүлдіршіннің мәйіті табылғаны хабарланған болатын.