500 тонна бензин алып бара жатқандар орта жолда ұсталды
Қазақстаннан Қырғызстанға АИ-92 маркалы бензинін заңсыз шығарумен айналысқан қылмыстық топтың мүшелері ұсталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қаржылық мониторинг агенттігі қылмыстық топтың қызметін әшкереледі. Олар АИ-92 маркалы бензинін Қырғыз Республикасына заңсыз шығарып, сатып отырған.
Тергеу барысында күдіктілердің Қазақстан аумағында бензинді еріткіш және дистиллят ретінде рәсімдеп, жалған құжаттар арқылы шекарадан заңсыз өткізгені анықталды.
Жедел іздестіру іс-шаралары барысында «Түрксіб» станциясында заңсыз жолмен жөнелтілген 500 тоннаға жуық бензин тиелген 8 теміржол цистернасы ұсталды. Жүк «Қара Май Ойл» шағын мұнай өңдеу зауытынан жөнелтілген және Қырғызстанға бағытталған.
«Тергеу мәліметтеріне сәйкес, 2023-2024 жылдары аталған шағын зауыттан 102 мың тоннадан астам мұнай өнімдері көрші мемлекетке экспортталған.
Алдын ала есеп бойынша, қылмыстық топтың көлеңкелі айналымы соңғы екі жылда 15,5 млрд теңгеден асып түсті», - делінген хабарламада.
Аталған іс бойынша үш күдіктіге мемлекетаралық іздеу жарияланды:
«Оларға «камаққа алу» түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды. Егер сізге іздестіріліп жатқан тұлғалардың орналасқан жері туралы қандай да бір ақпарат белгілі болса, келесі телефондарға хабарласуды сұраймыз: +7-727-279-20-86 – кезекші бөлім.
Сыйақы мен анонимділікке кепілдік беріледі», - деп хабарлайды ҚМА.