Олар бюджетке 70 миллион теңгеден астам салық төледі
Қазақстандық сегіз блогер өз еркімен 1 миллиардтан астам кірісін декларациялады. Оған өткен аптада желіде тараған миллирдтаған салыққа міндеттелген тізім себеп пе, ол жағы беймәлім. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігі КТК телеканалына сілтеме жасап хабарлайды.
Кірістер комитетінің мәліметінше, барлығынан оқ бойы озып ерекшеленген бұл сегіз блогер бюджетке 70 миллион теңгеден астам салық төлепті. Алайда салықшылар миллиондаған оқырманы бар ғаламтор жұлдыздарының атын атап, түсін түстеуден аулақ екенін айтып, бөгде ақпарат таратпады.
Ал бір-ақ күнде жұлдызды тізімге енген блогерлерге қатысты ақпараттың рас-өтірігіне қатысты ішкі істер министрлігінің өз айтары бар.
Борышкер блогерлер тізімге қатысты ақпарат тарату дерегі тіркеліп, әрі қарай Астананың полиция департаментіне жіберілген.
«Әлеуметтік желіде блогерлердің деректері бар тізімді тарату ІІМ ақпаратты есепке алу кітабында тіркеліп, материал Астана қаласының полиция департаментіне жіберілді. Материалды қарағанда осы тізімнің шын екенін анықтау үшін шаралар қабылданады», - делінген ҚР ІІМ мәліметінде.