Әлеуетті компаниялардың тізімі жарияланды
Қазақстан Республикасының атом саласын дамыту жөніндегі Ведомствоаралық комиссиясының кезекті отырысы өтті. Күн тәртібінде елдегі алғашқы атом электр станциясына (АЭС) арналған реакторлық технологияларды ұсынатын әлеуетті жеткізушілердің ұсыныстарын қарастыру мәселесі болды. Бұл туралы Azattyq Rýhy Энергетика министрлігіне сілтеме жасап хабарлайды.
Комиссия құрамына Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарының, сондай-ақ атом және энергетика саласының мамандары кіреді.
Қазақстан электр энергиясына деген өсіп келе жатқан сұранысты қамтамасыз ету мақсатында атом электр станциясын салу мүмкіндігін қарастыруда. Бұл ретте болашақ АЭС-тің қауіпсіздігі, сенімділігі және экологиялық тазалығы басты басымдық ретінде белгіленген.
«Ашық және бәсекеге қабілетті іріктеу аясында Ведомствоаралық комиссия әлемнің жетекші компаниялары ұсынған реакторлық технологияларды жан-жақты зерттеп жатыр. Бұған дейін «шорт-листке» енген компанияларға технологиялық шешімдер, қауіпсіздік жүйелері, қаржыландыру шарттары және экологиялық аспектілер бойынша нақты сұрақтар жолданған болатын.
Қазіргі уақытта әлеуетті жеткізушілер ретінде келесі компаниялар қарастырылуда: CNNC (Қытай, HPR-1000 реакторы), «Росатом» мемлекеттік корпорациясы (Ресей, ВВЭР-1200 реакторы), KHNP (Оңтүстік Корея, APR-1000 және APR-1400 реакторлары), EDF (Франция, EPR1200 реакторы).
Реактор жеткізушілерінің ұсыныстарын жан-жақты және егжей-тегжейлі талдау жұмыстары жалғасады. Қазақстан Республикасының мүддесі мен барлық факторларды ескере отырып, түпкілікті шешім қабылданатын болады», - делінген министрлік хабарламасында.